СҚО-дағы Шаховское ауылында үй құстарының неден қырылғаны анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Шаховское ауылында мыңдаған үй құсының қырылуына не себеп болғаны белгілі болды. Мамандар құстардан кокцидиоз ауруын анықтады.

Фото: видеодан алынған скрин

СҚО Ветеринария басқармасының мәліметінше, құс қырылғаннан кейін Қызылжар аудандық ветеринариялық станциясының мамандары оқиға орнынан биологиялық материал, жем және су сынамаларын алды. Ол Петропавлдағы облыстық ветеринариялық зертханаға және Астанадағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберілді.

Зерттеу нәтижелері бойынша жоғары патогенді құс тұмауы анықталған жоқ. Сондай-ақ Ньюкасл ауруы, сальмонеллез және пастереллез қоздырғыштары да табылмады.

29 қыркүйекте облыстық ветеринариялық зертхана биологиялық материалды зерттеу нәтижелерін алды, соған сәйкес құстардың кокцидиозы анықталды.

Мамандардың айтуынша, кокцидиоз – құстардың ас қорыту жүйесін зақымдайтын паразиттік ауру. Оның таралуына құстардың тығыз орналасуы, санитариялық жағдайдың сақталмауы және күтім ерекшеліктері әсер етуі мүмкін.

Шаховское ауылында осы күнге дейін 28 жеке қосалқы шаруашылықтың 15 537 құсы қырылды. Оның ішінде 15 мыңға жуығы қаз, 522 тауық, 44 күркетауық, 50 шақты үйрек бар.

Естеріңізге салайық, Шаховское ауылында үй қаздары белгісіз аурудан қырылып жатқанын жазған едік.