СҚО-дағы Тахтаброд ауылы тұрғындары дәрігерге көріну үшін 150 км жол жүруі керек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд ауылы тұрғыны медициналық қызметкердің жоқтығына шағымданды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ер адамның көмек сұраған бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. 

— Біз облыс орталығынан өте шалғай жатқан елді мекенде тұрамыз. Біздің ауылда не ФАП, не медициналық қызметкерлер жоқ.
Әйелім төсекке таңылған, қатты ауырып жатыр. Қазір мүгедектікті рәсімдеуім керек. Бірақ мен оны ешқайда апара алмаймын. Түрлі анализ тапсыруымыз керек, дәрігерлерге көрінуі қажет. Ес-түссіз жатыр.

Біздің ауылға медқызметкер керек, тым болмаса екпе жасап беретін. Дәрігердің көмегіне мұқтаж жан жалғыз мен емес, ауылда егде жастағы адамдар көп. Оларға да медициналық көмек керек. Маманға көріну үшін 150 км жүруіміз керек, жолы да өте нашар, — дейді Тахтаброд ауылының тұрғыны. 

Тахтаброд — ауылдық округтің орталығы. Оның құрамына Ковыльное, Литвиновка, Рухловка, Привольное елді мекендері кірген. Былтыр жыл басындағы есе бойынша 1426 тұрғыны бар. 

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін ауылдарға маман тартудағы басты кедергілердің бірі кадр тапшылығы екенін айтқан еді.

Өңірде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар секілді мамандар жетіспейді. Жас дәрігерлердің басым бөлігі кәсіби мүмкіндігі мол әрі әлеуметтік жағдайы жақсы қалаларды таңдайды.

Осыған дейін СҚО-дағы Озерное ауылы дәрігерсіз отырғанын жазған едік.