СҚО-ға басқа өңірлерден жоғары білім алуға келген 1,1 мыңнан астам жас бүгін дауыс береді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Үйден жырақта жүрген жастардың бірқатары бүгін азаматтық парызын алғаш рет орындап, өз таңдауларын жасады.

Фото: Kozybayev University

Петропавлдағы Kozybayev University аумағында № 580 және № 581 екі сайлау учаскесі ашылған. Мұнда қала тұрғындарымен қатар, студенттер де дауыс береді.

Солардың бірі — Ақнұр Темірова үшін бүгінгі күн екі есе ерекше: оның бүгін туған күні.
Kozybayev University баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақнұр Петропавлға еліміздің оңтүстік өңірінен келген. Қазір ол Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалында «Академиялық ән салу» мамандығы бойынша бірінші курста оқиды.

Фото: Kozybayev University

— Еліміздің кез келген өңірінде сапалы білім алып, білікті маман атануға болатынына көз жеткіздім. Жастарға қазіргі уақытта мол мүмкіндік бар. Біз де еліміздің болашағына және туған өлкеміздің дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, — деді Ақнұр Темірова.

Kozybayev University Педагогика факультетінің екінші курс студенттері Айман мен Шолпан Қанжарбекқызы да сайлауға алғаш рет қатысып отыр. Егіз қыздар «Бастауыш білім беру және инклюзивті практика» мамандығы бойынша оқиды.

Фото: Kozybayev University

— Әрине, алғаш рет дауыс беріп жатқандықтан, аздап қобалжып тұрмыз. Дегенмен көңіл күйіміз керемет! Әр адамның дауысы маңызды деп санаймыз, — деді студенттер.

Ал Алматы облысынан келген егіздер Әлихан мен Бекжан Досмұғамет мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен бірінші курс студенттері. Олар Kozybayev University мен Аризона университеті бірлесіп жүзеге асыратын «Басқарудағы ақпараттық жүйелер» қос дипломды білім беру бағдарламасымен білім алып жатыр.

Фото: Kozybayev University

— Мені қос дипломды білім беру бағдарламасы қызықтырды. Kozybayev University-де бізді жақсы қарсы алып, оқуға түсуге және құжаттарды рәсімдеуге көмектесті. Университет те, жатақхана да көңілімізден шықты, — деді Бекжан.

Ал, Әлихан компьютерге кішкентайынан әуес. Ал 10-сыныпта бозбала болашағын ақпараттық технологиялар саласымен байланыстыруға түбегейлі шешім қабылдаған. Университетті тәмамдаған соң Солтүстік Қазақстан облысында қалып, еңбек етуді жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орнында басқа өңірлерден келген 1127 адам білім алса, соның 618-і — еліміздің оңтүстігінің тумасы.

Бұған дейін Оралда егіз сарбаздар алғашқылардың қатарында дауыс бергенін жазған едік.