СҚО-ға келген католиктер қазақ бейнесіндегі иконаға мінәжат етеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Озерное елді мекені қудалауға ұшыраған поляктардың тарихымен ғана емес, рухани маңызы бар мекен ретінде де танымал.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Биыл 90 жылдығын атап өткен ауылды 1936 жылы жер аударылған поляктар негізін қалаған. Бүгінде мұнда олардың ұрпақтары тұрып жатыр. Леонтина Корчинскаяның ата-анасы да Украинадан күштеп көшірілгендердің қатарында болған. Айтуынша, сол кезде әкесі 18-де, анасы 16 жаста ғана екен.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Әке-шешеміз айтып отыратын, жергілікті халық — қазақтар көп көмектесті деп. Ауыр жылдар болды. Менің жолдасымның әке-шешесі де украиналық поляктар. Қазір біз де сексеннен астық.

1967 жылы Владиславпен шаңырақ көтердік. Біз бір ауылда тұрдық, басында жақсы дос болдық. Ағам болғандықтан бізге қонаққа жиі келетін, қыздар туралы сұрайтын. Мен оған қай қыз жақсы, қай жерде қандай қалыңдық барын айтып, кеңес беретінмін. 11-сыныпты бітіргеннен кейін институтқа сырттай оқуға түстім. Анам жалғыз, көмектесу керек болды. Мектепте мұғалім болып істеп жүріп, Владиславқа тұрмысқа шықтым. Келер жылы 60 жыл шаңырақ көтергенімізге, аман-есен сол күнге жеткізсін! — дейді Леонтина Корчинская.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ауыл маңындағы Озерное көлінің тарихы таңғажайып оқиғамен байланысты. Тұрғындардың айтуынша, аштық жайлаған 1941 жылы еріген қар суынан көл, кейін балық пайда болады. Осылайша жер аударылған халықты ажалдан арашалап қалған деседі. 1997 жылы маусым айында ашаршылықтан аман алып қалған көлге деген алғыстың белгісі ретінде Марияның мүсіні орнатылды. Бүгінде бұл жер католиктер үшін қасиетті зиярат орнына айналған.

Мұнда Қазақстанның киелі орындарының қатарына енген «Бейбітшілік патшайымы» ғибадатханасы бар. 1990 жылы тұрғындардың бастамасымен бой көтерді. Оның басты құндылығы — әлемдегі санаулы «Бейбітшілік алтарының» бірі — «Қазақстан жұлдызы» орналасқан.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— «Бейбітшілік патшайымы» ғибадатханасында орналасқан «Қазақстан жұлдызы» алтарінде Иса пайғамбардың денесінің бөлшегі салынған сауыт бар. Біз оған күні бойы таңғы сағат 10.00-ден бастап, кешкі сағат 18.00-ге дейін сыйынамыз. Бұл ғибадатханада үнемі бір адам кезекшілік етіп, олар мінәжат етеді. Кезекшілік құрылған. Әр екі сағат сайын ауысып отырады, алмастырғанша дейін кетпейді, яғни алтардың алды бос болмайды. Сыйынуға тілек білдірушілердің тізімі бір айға жасалып қойған.

Адамдар бұл жерде дүние жүзінде бейбітшілік болуы үшін Құдайдан сұрайды. Алтарларды орнатудағы идея да осы еді, әлемге тыныштық тілеу.

Бұл — әлем бойынша жоспарланған он екі Бейбітшілік алтарының екіншісі. Жалпы қазір олардың сегізі қойылған. Кей алтарьлардың алдында құлшылық ету бір сәт тоқтамайды, күні-түні адамдар мінәжат етеді. Бірақ біз шағын елді мекен, халық саны аз болғандықтан, ол мүмкін емес, — дейді ғибадатхана қызметкері Рафала Кисель.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Алтарьды поляк шебері Мариуш Драпиковский алтыннан, титаннан және асыл тастардан жасаған. Бетінен қазақтың ұлттық ою-өрнектерін де көруге болады. Алтарьдың ұзындығы — 7,5, ені — 2,5 метр, салмағы — 600 кг. Озерный ауылына ол 2014 жылы әкелініп қойылды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Бұл жоба бойынша жер шарын толық қамтып, мінәжат ету тізбегін құру. Осындай 12 орын болуы тиіс. Бұл рухани байланыс үзілмей, дүниежүзінде бейбітшілік болуын тілейді.

Алтарьды кез-келген жерге қоймайды. Ол орын Құдай анамен байланысты қасиетті орын және басынан қиыншылық — соғыс, ашаршылық өткізген ел болуы тиіс. Өйткені олар бейбітшіліктің қадірін жақсы түсініп, сол үшін сыйынатын болады.

Алтардың біріншісі Иерусалимде пайда болды, бірақ, қақтығыстардан кейін, ол жерде сыйынатын адам болмай, Палестинадағы қасиетті жер — Вифлеемге көшірді, — дейді ғибадатхана қызметкері.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Үшіншісі — Босния және Герцеговинада, 12 алтарь идеясының авторы Петр Чолкевичтің туған жерінде қойылды. Африкада екеуі — Кот-д’Ивуар және Руандада, Филиппинде, Оңтүстік Кореяда, сондай-ақ Польшада тұр.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Озерныйдағы тағы бір ерекше нысан — киіз үй пішінінде салынған бірегей ғибадатхана. Мұнда қазақ әйелінің бейнесі бейнеленген «Ұлы Дала Анасы» иконасы сақтаулы.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Құдай ана Иса пайғамбармен бірге қазақ бейнесінде салынған. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі көптеген этнос католик дінін ұстанады. Олардың барлығы Қасиетті Марияны өздерінің рухани анасы ретінде қабылдайды. Егер Африкада Мария африкалық, ал Қытайда қытайлық әйел бейнесінде бейнеленсе, неге Қазақстанда ол қазақ анасы ретінде көрсетілмеске?

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

«Ұлы Дала Анасы» деп аталатын иконаны жергілікті суретші Досбол Қасымов салды. 2022 жылы оны Рим Папасы Франциск Қазақстанға сапары кезінде дәріптеп, қасиетті етті.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Оның бірнеше ерекшелігі бар. Соның бірі — қазақтарда жас әйел адам бетіне тіке қарамайды. Бұл қарапайымдылықтың көрінісі. Мұнда сол дәстүр ескерілген. Сондай-ақ, Мәриям мен Иса киіз үйдің ішінде отыр, — дейді Рафала Кисель.
Ал ауылдан 12 шақырым жерде Волянская шоқысында 1998 жылы 12 метрлік белгі қуғын-сүргін құрбандарының еске алу мақсатында қойылды.

Бұған дейін СҚО-да поляктар көп қоныстанған елді мекенде «Қазақ халқына алғыс» естелік белгісі қойылғанын жазған едік