СҚО кәсіпкерлері мектеп асханасына арналған жаңа стандарттың кемшіліктерін атады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мектептегі тамақтануға қатысты жаңа стандарттарды енгізу мәселелері қызу талқыға түсті.
Өңір кәсіпкерлері жаңа талаппен келіспейді. Бұл туралы СҚО кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жиында айтылды. Қатысушылардың пікірінше, жаңа мәзірде өңір ерекшеліктері ескерілмеген, бұл тағамның сапасы мен қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
«Ботақан» ҚБ төрағасы Ольга Усольцеваның айтуынша, көптеген өнім, мысалы, күркетауық еті, судак балығы, қытай қырыққабаты, кейбір жемістер жергілікті нарықта жоқ немесе өте қымбат. Жаңа мәзірмен әзірлеу үшін жаңа қондырғылар алу қажет, ал мектептердің электр қуаты жеткіліксіз. Әрі бюджет шектеулі – 1 балаға тамақтануға бөлінетін сома: бастауышқа – 637 теңге, орта буынға – 745 теңге, ал жоғары сыныпқа 794 теңге. Ал жаңа мәзірге сай ең төменгі шығын 688 теңгеден басталады.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев жаңа мәзірді 1 қыркүйектен бастап енгізу – заңсыз, келісімшарттар 2025 жылдың соңына дейін жарамды, сондықтан жыл соңына дейін ескі мәзірмен жұмыс жалғасады.
Жиынға Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптева қатысты. Оның айтуынша, қауымдастық мектептегі тамақтану жүйесін реформалауды қолдайды, алайда оның өңірлерде жүзеге асырылуында айтарлықтай қиындықтар бар.
– Сіз дұрыс айттыңыз, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа тамақтану стандарты күшіне енді. Бұл стандарт біріздендірілген талаптарды көздейді. Бұрын әр өңір өз қалауы бойынша ғана етті мәзірге қосатын. Ал енді, қандай өнімдер қанша рет берілуі керектігі және ең бастысы – тағамның калориялығы мен қоректік құрамы нақты реттелген. Барлық өңірлік мәзірлер енді біртұтас болуы тиіс. Бұл әрине, дұрыс. Мектеп мәзіріне қатысты реформаны біз, қауымдастық ретінде, қолдаймыз. Бірақ өңірлерде бірқатар мәселе бар, - деді Марина Лаптева.
Оның айтуынша, СҚО-ға арналған мәзір мектеп директорларына және кәсіпкерлерге 30 тамызда жіберілген, ешқандай өңірлік бейімдеусіз бекітілген.
– Неліктен бұл мәзір сіздің өңірге сәйкес келмейді? Біріншіден, мәзірде пісірме-запеканка көп. Оларды дайындау үшін қосымша пеш қажет, ал оның қуаты – 14,8 кВт. Қосымша жабдық қойғанда, электр желісі шамадан тыс жүктеліп, бүкіл мектепте жарық өшеді. Сондай-ақ пісірмеге бұршақ, ноқат пен жасымық бірге қосылған. Бұл – дәм жағынан да, сіңімділік тұрғысынан да дұрыс емес. Бұл құрам газ түзілуін күшейтеді. Сондықтан балаға мұндай тағамдарды беруге болмайды. Бұл мәселені тиісті министрліктерге жеткіздік. 29 тамызда өткен бірлескен кездесуде министрлік өкілі мәзірді әр өңірге бейімдеу қажеттігімен келісті, - деді Марина Лаптева.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саржанов 2 қыркүйекте шыққан жаңа бұйрық өңірлік мәзір жасауға мүмкіндік беретінін айтты.
– Бұйрық аясында екі нұсқадағы мәзір ұсынылды. Өнімдерді тек арнайы қосымшада көрсетілген тізім бойынша ғана алмастыруға болады. Яғни әдістемелік ұсынымдар енгізілгеннен кейін, бізде өңірлік мәзір құрастыру құқығы пайда болды, - дейді Нұрсұлтан Саржанов.
Нәтижесінде СҚО-да жаңа мәзір 2026 жылдың басына дейін енгізілмейтін болды. Мектептер бұрынғы мәзірмен жұмысын жалғастырады. Ал мәзірді өңірге бейімдеу үшін арнайы аралас ведомстволық жұмыс тобы құрылады, оның құрамында: СЭС, білім, денсаулық сақтау басқармалары өкілдері, кәсіпкерлер палатасы, технологтар мен диетологтар болады.
Мамандар мәзірдің өзгеруіне байланысты ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Өйткені СҚО бойынша артық салмақпен ауыратын балалардың үлесі республика бойынша жоғары.
Бұған дейін 2025 жылдың 1 қыркүйегінен мектептерде жаңа Тамақтану стандарты енгізілетінін жаздық.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп асханасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа форматын ұсынды.