Облыстық қоғамдық кеңесте СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамсутдинов азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмысқа есеп берді.
«Биыл тұрақтандыру қорын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтыруға 2,5 млрд теңге бөлінді. 19 түрлі өнімнің 15-ін жергілікті шаруашылықтар өндіреді.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ шикізатты сатып алу және өнімді бөлшек сауда желісінде төмендетілген бағамен одан әрі өткізу үшін жергілікті тауар өндірушілерге қарыз береді. Сүт және ет өнімдері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тура сауда орындарына жеткізіледі. Кәсіпкерлермен ұзақ мерзімді келісімдер бар. Ал көкөністерге келер болсақ, шаруашылықтарға «айналым схемасы» және «форвардтық сатып алу» аясында қаржы бөлінген, олар күз-қыс мезгілінде қажетті өніммен қамтиды», - дейді Қанат Шамсутдинов.
Маманның айтуынша, сауда орындарымен сауда үстемесінің мөлшерін сақтау туралы меморандум жасалған.
«Күн сайын бағаны көтеру фактілеріне жол бермеу бойынша азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері 300-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Көтерме сауда кәсіпорындарының, сауда желілерінің, дистрибьютерлер мен дүкендердің қатысуымен үнемі делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның отырыстары өткізіледі. Десек те, сауда қызметін реттеу заңнамасын бұзатындар бар, биыл 128 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді Қанат Шамсутдинов.
Мониторинг нәтижесінде өткен аптада СҚО-да пияздың 9,9%, яғни 101 теңгеден 111 теңгеге дейін және сүзбенің 3,6 % - 1566 теңгеден 1622 теңгеге дейін қымбаттағаны анықталған. Ал жұмыртқа 1,2% - 483-тен 477 теңгеге, қант 417 теңгеден 407 теңгеге дейін арзандады.
СҚО-да азық-түлік бағасын мөлшерден тыс өсіргендер жазаланғанын жазған едік, 124-тің 12-сі млн теңгеге жуық айыппұл төлесе, қалғандары ескерту алды.