СҚО-да азық-түлік бағасын мөлшерден тыс өсіргендер жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 124 кәсіпкерлік субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін жазаланды. Олардың 12-сі млн теңгеге жуық айыппұл төлесе, қалғандары, әзірге ескерту алды.

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік бағасының өсу қарқынында ең төменгі көрсеткішті сақтап отыр
Фото: gov.kz

СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлының айтуынша, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты азаматтардан түсетін шағымдар саны артып келеді. Жыл басынан бері ведомствоға шара қолдануды сұрап, 400-ге жуық өтініш түскен.

«Шағымдардың жартысына жуығы электронды саудаға қатысты. Екінші орында
28% бөлшек сауда, 6% — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі, 3,3% — тұрмыстық қызмет көрсету тұр. Департамент тұтынушылардың құқығын қорғап, оларға 5,3 млн теңге шамасында ақшасын қайтаруға жәрдем көрсетті. Оның 2,1 млн теңгесі бөлшек сауда саласында, 1,8 млн теңгесі — электрондық сауда болса, қалған 1,3 млн теңгесі тұрмыстық қызмет көрсету саласына қатысты», — дейді Қанат Жеңісбекұлы.

Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін 13 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылды. Сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

«Сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 125 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Оның ішінде 124 бизнес субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін және витринадағы және кассалық чекте көрсетілген тауар бағасының айырмасы үшін біреуі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Оның ішінде 12 субъект мемлекет кірісіне жалпы сомасы 895 310 теңге болатын әкімшілік айыппұл төледі, қалғандарына ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды», — дейді департамент басшысы.

Бұған дейін СҚО-да диқандар астық сақтайтын элеватор таппай қиналып жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар