СҚО-ның алғы шепте жүрген дәрігерлері еңбегінің еленгеніне разы

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында СОVID-19 вирусымен күреске тартылған медицина қызметкерлері еңбекақысына қосымша үстемеақы алып, көрсетіліп жатқан қолдау үшін Мемлекет басшысына алғыс айтуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы жедел жәрдем қызметіне 60 адам күнделікті кезекшілікке түседі. Олардың жұмысы он екі сағатқа шақталған, кейде тәулік бойы да шақыртуға шығып жатады. Ал елде төтенше жағдай жарияланып, облыс орталығында карантин енгізілгелі мамандардың жұмысы арта түскен.

Петропавл қаласындағы жедел жәрдем қызметі «Денсаулық» орталығының фельдшері Жандос Зағыпардың айтуынша, ол бір кезекшілікте ең кемі он шақыртуға барады. Жас маман жұмысын адал атқарады, өйткені бұл – сүйіп-таңдаған мамандығы.

«24 наурыз күні өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы сырқат анықталғаннан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. 24-31 наурыз аралығы үшін біздің еңбекақымызға қосымша үстеме ақы берілді. Бұған біз әрине қуаныштымыз. Еңбегімізді елегені үшін Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Коронавирус індетімен әрі қарай күреске өз үлесімізді қосуға әрдайым дайынбыз», - дейді жедел жәрдем қызметінің фельдшері.

Ғалия Жоламанова - Петропавлдағы № 1 қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің мейірбикесі. Яғни коронавирус індетін жұқтырған науқастармен тікелей байланыста жұмыс істейді. Облыста қауіпті індет анықталғалы отбасын көрмепті. Кезекшіліктен кейін бірден мейманханаға жеткізіледі. Ол жерде дәрігерлер үшін барлық жағдай жасалған.

«Балаларым бар. Әрине, сағынамын. Бірақ, олардың қауіпсіздігі үшін шыдау қажет. Президенттің бізге ай сайын үстемеақы беру туралы қаулысын қуанышпен қарсы алды. Бөлімшеміздің барлық медициналық қызметкерлерінің атынан бізге көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтамын», - дейді Ғалия Жоламанова.

Жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері де, жұқпалы аурулар бөлімшесінің медициналық қызметкерлері де өте жоғары қауіп тобына кірген. Бұған дейін облыста 459 маманның наурыз айы үшін 43,9 млн теңге үстемеақы алғанын айтқан едік.