СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 сәуірге қараған түні Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны мен облыс орталығының үш тұрғыны Петропавл қаласынан «Kia Spectra» автокөлігіне мініп шықпақ болады. Полицейлер оларды № 1 блокпостта тоқтатты.
Жігіттер Бәйтерек ауылындағы достарының моншасына жуынуға бара жатқандарын айтқан. Полицейлер карантин кезінде қалаға кіріп-шығудың шектелгенін, тек үлкен жүк көліктері мен азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын көліктерге ғана рұқсат берілгенін айтқан. Көлік жүргізушісі машинасын Петропавл қаласына кері бұрады. Алайда бірер шақырымнан соң трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болған. Блокпосттағы кезекшілікте тұрған сақшылар құқық бұзушыларды байқап қалып, карантиндік аумақтан шыққанға дейін тоқтатты. Медициналық куәландыру жолаушылардың мас емес екенін көрсетті.
«Барлық төрт жігітке қатысты «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша әкімшілік материал жиналды. Қызылжар аудандық соты Бескөл ауылының 1988 жылы, Петропавл қаласының 1990 және 1991 жылдары туған тұрғындарын үш тәулікке қамаққа алу туралы шешім шығарды. Карантин кезіндегі сақтық шаралары азаматтардың денсаулықтары мен өмірлерін сақтап қалуға, сондай-ақ қауіпті инфекцияның таралып кетпеуіне бағытталғанын халық естен шығармаулары қажет», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.