СҚО полицейлері жаяу жүргіншілердің басты қателігі туралы айтты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық полицейлер 3 күннің ішінде 680 жол ережесі бұзушылығын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінің ақпараты бойынша,  жаяу жүргіншілер жолағынан, бұрылыстан өту, көлікті мас күйінде жүргізу және жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған бұзушылықтар көш бастап тұр.

«Петропавлда жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің кінәсінен 26 жол апаты тіркелген. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 74-і жарақат алған. Түрлі бұзушылықтар жасағаны үшін 4 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылған. Жол оқиғаларының жартысы солардың еншісінде», - деді баспасөз қызметінен. 

Полицейлердің айтуынша, жаяу жүргіншілердің басты қателігі - бағдаршамның қызыл түсінен жолды кесіп өту, тұрған көлік құралынан алдынан күтпеген жерден шыға келуі және жолды кез келген жерден кесіп өтуі.