СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір Ресей Федерациясының үш облысымен шектесетіндіктен, қылмыспен күресте шекара маңы ынтымақтастығының маңызы зор.
Мәселен, Омбы облысында бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған, қазіргі уақытта алаяқтық жасады деген күдікке ілінген 34 жастағы петропавлдықтың жүрген жері анықталды. Сондай-ақ Аққайың ауданының Камышлово және Тюменка ауылдарында екі жылқыны ұрлады деп күдікке ілінген 41 жастағы ер адам анықталды. Қазіргі уақытта ол Ресей Федерациясында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін жазасын өтеп жатыр.
Сондай-ақ солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары ресейлік әріптестерінің көмегімен Петропавлдағы супермаркеттерде бірнеше рет ұрлық жасады деген күдікке ілінген 41 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Қазір ол қамауда отыр. Қазақстанға экстрадициялау рәсімі жүргізіліп жатыр.
Облыстың полицейлері де шетелдік әріптестеріне Ресей аумағында жасалған қылмыстар бойынша іздеуде жүргендерді анықтауға көмектесті. Олардың қатарында ұрлық, есірткі өткізу және құжаттарды қолдан жасау күдігіне ілінген адамдар бар.
Бұған дейін Петропавлда 25 жыл жазасын өтеген қылмыскер әйелге шабуыл жасап, тағы 9 жылға сотталғанын жазған едік.