СҚО тұрғындары жасанды интеллект пайдасын көріп жүр ме

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Жасанды интеллект бүгінде күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып, тек белгілі бір салаға арналған құрал болудан қалды. Солтүстік Қазақстан облысында ол мектептердегі қауіпсіздікті бақылаудан бастап, медицинада, коммуналдық шаруашылықта сияқты түрлі бағытта қолданылып жатыр.

Фото: Kazinform/ЖИ

Әрқайсысына жеке тоқталсақ.

Білім беру: мектептегі қауіпсіздік пен оқу сапасы

Жасанды интеллект ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылады. 2025 жылы СҚО-да PROTECTOR AI пилоттық жобасы іске қосылды. Жүйе бейнекамералардан түсетін ақпаратты автоматты түрде талдап, білім беру ұйымдарындағы агрессивті мінез-құлық белгілерін анықтайды.

Қазір платформа 44 мектеп пен «Балдәурен» балабақшасында тұрақты жұмыс істейді. Оған 1,5 мың бейнекамера қосылған. Жүйе оқушылар мен қызметкерлер тарапынан болуы мүмкін агрессия жағдайларын анықтап, бұл туралы білім беру ұйымдарының басшылығына жедел хабарлайды.

Өңірдегі білім беру саласында Qazaq Digital Mektebi жобасы да пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты — шағын жинақты мектептердегі білім сапасын қашықтан оқыту және жасанды интеллект технологиялары арқылы арттыру. Бұл жоба, СҚО Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, өңірдегі жеті әлеуметтік қызмет көрсету және мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығында қолданылып келеді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Сонымен қатар «AI USTAZ» жобасы педагогтердің жұмысында жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған. Жоба аясында мұғалімдерге семинарлар, курстар мен әдістемелік қолдау көрсетіледі.

Медицина: ЭКГ-ны бірнеше минутта талдау

Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллекттің мүмкіндігі ең алдымен диагностикада қолданылып отыр. СҚО-ның 8 медициналық ұйымында SmartECG жүйесі енгізілген. Бұл — ЭКГ зерттеулерін қашықтан талдауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Жасанды интеллект зерттеу параметрлерін автоматты түрде есептеп, алдын ала қорытынды береді. Мұндай технология әсіресе маман тапшылығы жағдайында қолайлы. Бұрын ЭКГ нәтижесін талдау мен бастапқы қорытынды жасауға медицина қызметкерінің уақыты кетсе, қазір бұл жұмыстың бір бөлігін жүйе автоматты түрде орындайды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Медицинада қолданылып отырған тағы бір құрал — Alima атты цифрлық көмекші. Ол «Damumed» медициналық ақпараттық жүйесіне енгізілген. Оның негізінде стандарттар мен нормативтік-құқықтық актілерге сүйеніп жасалған Цифрлық білім қоры жатыр. Жүйе медициналық құжаттармен жұмыс істеуді жеңілдетіп, ақпаратты іздеу мен құрылымдауға, қажетті жазбаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дауысты мәтінге айналдыратын функциясы бар.

Ал «Надежда.AI» интеллектуалды модулі медициналық және қаржылық тәуекелдерді анықтауға көмектеседі. Дәрігер, мейіргер және басқа да пайдаланушылардың жұмыс орындарына енгізілген интеллектуалды функциялар жиынтығы. Жүйе медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысына кіріктіріліп, медициналық деректерді енгізу және өңдеу кезінде тікелей қолданылады. Деректерді талдап, ықтимал сәйкессіздіктер туралы қызметкерлерге хабарлайды. Дегенмен соңғы шешімді дәрігер қабылдайды.

Қазір Петропавлдағы № 2 емханада пилоттық режимде «Spectator» цифрлық медициналық қосымшасын, яғни телемедицина жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен бастамасы.

Платформа пациент пен медициналық ұйым арасындағы байланысты жақсартып, жеңілдетуге бағытталған. Оның көмегімен медициналық чат арқылы кеңес алу, байланыс орталығына жүгіну, қашықтан дәрігер кеңесін алу және денсаулық көрсеткіштерін онлайн бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Қазір жобаны іске қосуға қажетті техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар эхокардиограмма қорытындыларын өңдеуді автоматтандырып, дәрігердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін MedReview жобасын енгізу жоспарланған. Ал тағы бір жоба — PULS AI жүйесі медициналық құжаттардың дұрыс толтырылуын және клиникалық хаттамаларға сәйкестігін жасанды интеллект арқылы тексеруге мүмкіндік бермек.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Қауіпсіздік: бейнекамераның мүмкіндігі артқан

Жасанды интеллект құқық қорғау саласында да нақты міндеттерді шешуге көмектеседі. TargetAI Limited жүйесі бейнекамералар арқылы іздеуде жүрген адамдарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Қазір жүйеге 100 бейнекамера қосылған. Жасанды интеллект бейнежазбаны адам сияқты үздіксіз қарап отырмайды. Ол ақпаратты автоматты түрде талдап, қажетті белгілерді анықтаған кезде полиция қызметкерлеріне хабар береді.Жұмыс істеген уақыт ішінде оның көмегімен іздеуде жүрген 25 адам анықталған.

Коммуналдық сала: көше тазалығы

Жасанды интеллект коммуналдық қызметтердің жұмысын бақылауға да енгізіліп жатыр.

Петропавлда биыл пилоттық режимде SnowOps жобасы сынақтан өтті. Жүйе бейнебақылау, GPS және жасанды интеллект элементтерін біріктіреді. Камералар қар полигонына келген көліктің нөмірін, кузовындағы жүктің сипатын анықтайды. Жасанды интеллект жеткізілген қардың көлемін бағалауға көмектеседі. Бұған дейін қызметкерлерге әр көлікті қолмен тексеруге тура келсе, жаңа жүйе бұл процесті автоматтандыруға мүмкіндік берді.

Коммуналдық салада «Таза Қала» жобасы да жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы оның аясында аулаларға 43 бейнекамера орнатылды. Олар қоқыс контейнерлерінің толу деңгейін бақылап, ірі көлемді қоқыс тастаған тұрғынды анықтайды. Биыл контейнер қойылған алаңдарға жасанды интеллект қолданылатын тағы 495 камера орнату жоспарланған.

Табиғатты қорғау: орман өртімен күрес

Жасанды интеллект ормандарды қорғауда да қолданылып келеді.

СҚО-дағы орман шаруашылықтарында «Лесохранитель» жүйесі жұмыс істейді. Ол бейнебақылауға интеллектуалды талдау жасау арқылы түтін мен өрт ошақтарын автоматты түрде анықтайды.

Бұл жүйе өрт қаупі жоғары маусым бойы жұмыс істеп, антенна-діңгек құрылғыларына орналастырылған. Қазір олар 128 мың гектар орман алқабын қамтыған. Бұдан бөлек, облыстағы 11 орман шаруашылығында орман қорын бақылау үшін 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызмет: қағазбастылық азайды

Жасанды интеллект мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысына да енгізіліп жатыр.

СҚО Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, мемлекеттік аппаратта Ұлттық жасанды интеллект платформасы қолданылады. Бұл платформаны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасаған. Оның ішінде құжаттарды автоматты аударуға мүмкіндік беретін «Аудармашы» және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді, олардың түсіндірмелері мен түсініктемелерін іздеуге арналған Qazaq Law ЖИ-агенттері бар. Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің күнделікті қайталанатын жұмыстарға кететін уақытын қысқартып, қажетті материалдарды жедел дайындауға мүмкіндік береді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ұлттық платформада мемлекеттік органдарға арналған жасанды интеллект агенттерін құру мүмкіндігі де қарастырылған. Олар құжаттармен жұмыс істеу, ақпаратты талдау, қажетті материалдарды әзірлеу және қайталанатын операцияларды автоматтандыру үшін қолданылады. Жалпы, мемлекеттік саясат аясында мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысының бір бөлігін біртіндеп жасанды интеллект шешімдеріне беру көзделіп отыр.

Ауылға да цифрлық технология келіп жетті

Digital Aimaq жобасы аясында аудандық IT-орталықтар желісі құрылып жатыр. Қазір облыста 11 аудандық және 4 ауылдық IT-орталық жұмыс істейді. Биыл олардың базасында оқыту курстары, шеберлік сабақтары, кәсіби бағдар беру кездесулері және жасанды интеллект бойынша сабақтар өткізілген.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Сонымен бірге өңірде SKO Hub ашылған. Биыл 1,7 мың тұрғын жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды практикалық қолдану бойынша білім алды.

Мамандардың айтуынша, коммуналдық қызметтерді де цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Sqoqyzmet.kz бірыңғай порталы арқылы коммуналдық кәсіпорындардың 47 түрлі қызметін онлайн алуға болады. Бүгінде портал арқылы 5,9 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Бұдан бөлек облыстың 8 ауданында коммуналдық қызметтерді электронды түрде ұсынатын sk-energo.kz бірыңғай есеп айырысу орталығы жұмыс істейді.

Өңірде өзі автоматты түрде қашықтан дерек жіберетін есептегіш қондырғылар орнатылып жатыр. Бүгінде осындай 55 460 есептеу құралы орнатылған. Оның ішінде 36 424-і электр энергиясын, 375-і жылуды, 17 661-і суды есептеп, көрсеткішін компанияға жібереді.

Бұған дейін Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясының жүзеге асу барысын таныстырып, ЖИ адамды алмастырмайды, керісінше еңбек тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігі туралы жазған едік.