СҚО тұрғындарының жеке қаражатына соғыс жылдары танк колоннасы мен ұшақ жасалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары майданға өздерінің жеке қаражаттарымен де қолдау көрсетті. Жеңісті тек күтіп қана қоймай, оны өз қолдарымен жақындатуға бар күш-жігерін салды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

СҚО тарихи-өлкетану музейінде сақталған деректер бойынша соғыстың алғашқы екі жылында облыс еңбеккерлері қорғаныс қорына 29 млн рубль аударған. Бұл сол кезең үшін өте қомақты қаражат еді.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Өңір тұрғындары майданға қолдау көрсету үшін бағалы бұйымдарын да аямады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Соғыстың алғашқы айларында солтүстікқазақстандықтар Қорғаныс қорына ақша мен облигациялардан бөлек, жалпы салмағы 9,5 келі болатын күміс және алтын әшекей бұйымдарын — сақина мен сырғаларын тапсырды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Бұрынғы Ленин, қазіргі Есіл ауданы Жаңалық ауылының колхоз төрағасы Төлеген Темірбаев 1943 жылы 130 мың рубль жеке қаражатын қорғаныс қорына аударып, «Менің ақшама танк жасатып, майданға жіберулеріңізді сұраймын» деп Иосиф Сталинге хат жазды. 1944 жылы оның атына жоғары басшылықтан жеделхат келді. Онда «Сіздің бронетанк әскеріне деген қамқорлығыңыз үшін алғыс білдіремін. Тілегіңіз орындалады. И.Сталин» деген жауап болды. Бұл тылдағы әрбір еңбеккерге рух бергендей болды, — дейді музей қызметкері Вера Андреева.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Мамлют ауданындағы Вильямс атындағы колхозда тұратын Тепляковтар отбасы да қорғаныс қорына 120 мың рубль аударды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұл шаңырақтан тоғыз адам майданда шайқасты. Жиналған қаражатқа «Солтүстікқазақстандық колхозшы» атты танк колоннасы мен «Жауынгер құрбылар» ұшағы жасақталды.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Солтүстікқазақстандықтар майдандағы жерлестерімен тығыз байланыс орнатты. Соның бір дәлелі — майданға сыйлық-хаттармен делегациялар жіберу дәстүрі. Алғашқы делегация 1941 жылдың желтоқсанында аттанды. Оның құрамында белгілі жазушы Иван Шухов болды. Ол екі аптадан астам уақыт майдан шебінде болып, жерлестерінің ерлігін өз очерктерінде бейнеледі, — дейді Вера Андреева.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

1942 жылдың ақпанында Петропавлдан Қызыл Армияның 24 жылдығына орай майданға 12 вагон сый-сияпат жөнелтілді. Оның ішінде 50 тонна ет, 10 тонна қатырылған тәтті тоқаштар, печенье, сондай-ақ аналар, әйелдер мен әпке-қарындастар дайындаған түрлі тағамдар мен темекі болды.

Жалпы алғанда, соғыстың алғашқы екі жылында майданға Солтүстік Қазақстан облысынан 82 вагонға жуық көмек жіберілді.

Бұған дейін Kazinform тілшісі ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектескенін жаздық.