Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шиловтың айтуынша, өңір тұрғындарына қыстан қысылмай шығу үшін 419 мың тонна көмір қажет. Оның 297 мың тоннасын, соның ішінде Петропавлдағы жеке сектор тұрғындары 45,6 мың тоннаны сатып алды, осылайша жалпы 71% қысқа қамданды.
«Өңірде көмір жатқан 32 тұйық бар. Оның төртеуі Петропавлда орналасқан. Қатты отынды сатумен 21 кәсіпорын айналысады. Қазір облыста көмір жетіспеушілігі жоқ. Тұйықтарда 29 мың тоннасы жатыр. Соның 1 850 тоннасы Петропавлда. Халық арасында сұранысқа ие Қаражыра көмірінің 50 тоннасы, Шұбаркөл көмірінің 1 100 тоннасы, сондай-ақ 500 тонна Майкөбе және 200 тонна Екібастұз көмірі бар», - деді Павел Шилов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
СҚО-ға жылыту маусымы біткенге дейін көмір жеткізіліп тұрады. Қазіргі уақытта 2 030 тонна Қаражыра және 1 190 тонна Шұбаркөл көмірі жолда. Бағасында айтарлықтай өзгеріс жоқ.
«Көмірдің бағасы оның түріне қарай 10 мың мен 17,5 мың теңге аралығында. Ең қымбаты – Шұбаркөл мен Қаражыра көмірі, бағасы 13-17,5 мың теңге аралығында. Ең арзаны – Екібастұз көмірі, 10 мың теңгеден басталады», - дейді Павел Шилов.
Өңірде жылдағыдай көмір дефициті болмауға тиіс. Маманның айтуынша, тек қараша айында Петропавлға ғана 8 мың тонна Шұбаркөл және 7 мың тонна Қаражыра көмірі жеткізіледі.