СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолдарда төрт бала мерт болса, тағы 90 жасөспірім түрлі жарақат алған. Оның ішінде 23-і - жеті жасқа толмаған бүлдіршіндер.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттыру мақсатында өңірде ерекше профилактикалық жоба қолға алынды. Енді жол жүру ережелерін бүлдіршіндерге ойын арқылы қуыршақтар үйретіп жүр. Мұндай формат кездейсоқ таңдалмаған.
- Балалардың маңызды ақпаратты ойын арқылы жақсы қабылдайтыны белгілі. Осы себепті 5-6 жастағы балаларға облыстық қуыршақ театры актерлерінің көмегімен арнайы қойылым әзірледік. Мектепке дейінгі жастағы балаларға қауіпсіздік талаптарын құрғақ ереже түрінде түсіндіргеннен гөрі, оқиға желісі мен кейіпкерлердің әрекеті арқылы жеткізу әлдеқайда түсінікті. Бүлдіршіндер қойылымды тамашалап қана қоймай, кейіпкерлердің әрекетінен дұрыс пен бұрысты ажыратып, күнделікті өмірде кездесуі мүмкін жағдайларды есте сақтайды, - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, спектакльде басты кейіпкерлер балаларға жолда жиі кездесетін қауіпті жағдайларды көрсетеді. Мәселен, жолдың үстіне ойланбастан жүгіріп шығудың салдары, велосипед пен самокат тепкенде сақталуы тиіс ережелер түсіндіріледі. Сондай-ақ жолдағы бір сәттік бейғамдықтың орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екені көрініс арқылы жеткізіледі.
Бұған дейін Алматы облысында тұрғын үй ауласында екі баланы қағып кеткен жүргізуші жазаланғанын жазған едік.