Алыстан патрульдік машинадан аумайтын бұл макеттер жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы макет М.Жұмабаев ауданында республикалық маңызы бар «Челябі-Новосібір» тас жолы бойында қойылды. Көшпелі макеттер трассаның апат жиі болатын қауіпті аймақтарына орнатылады. «Алдын-алу шарасының нәтижесі бар», - дейді тәртіп сақшылары. Көлік жүргізушілері патрульдік машинаны көріп, алыстан жылдамдықты түсіре бастайды екен.
«Тас жолдарда жылдамдықты шектен тыс асыру жиі кездеседі. Оның салдары жол-көлік апатына апарады. Сараптама республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік апатының азайғанын көрсеткенімен, қайғылы жағдайларға жол бермес үшін барлық тиімді іс-шараларды қолдану қажет», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жыл басынан облыстан өтетін республикалық жолдарда 26 апат тіркеліп, 9 адам қаза тапты, 45-і жарақат алды. Былтыр 38 көлік жол-көлік апатында 26 адам мерт болса, 60-ына дәрігерлердің көмегі қажет болған.
Облыстық патрульдік полиция батальонының 15 экипажы күнделікті 1347 шақырымға созылып жатқан республикалық маңызы бар жолдарда кезекшілік атқарады. Енді оларға жолдағы тәртіпті сақтауға арнайы макеттер көмектеспек.