Skydance Media компаниясы Paramount медиахолдингін 8 млрд долларға сатып алады

Фото: trekmovie.com

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) Skydance Media компаниясының Paramount Global медиахолдингін сатып алу жөніндегі 8 млрд долларлық мәмілені мақұлдады. Бұл туралы ABC News хабарлады.

Келісімге CBS, Paramount Pictures және Nickelodeon арналарын иелену кіреді.

Федералдық байланыс комиссиясының төрағасы Брендан Карр Skydance компаниясының CBS телеарна желісіне түбегейлі өзгеріс енгізуге ұмтылысын құптайтынын жеткізді.

– Америкалықтар дәстүрлі ұлттық жаңалықтар медиа құралдарының оқиғаларды толық, дәл және бейтарап түрде беруіне сенуден қалды. Өзгеріс уақыты келді, – деді ол.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал тележүргізушілерге қарсы мәлімдеме жасап, CBS News телеарнасын иеленетін Paramount Global компаниясы Камала Харриспен сұхбатқа қатысты талап-арызды реттеу мақсатында 16 млн доллар өтемақы төлегенін айтқан болатын.