Жастар жергілікті тұрғынды іздеп, оның әжесінің үйіне барған. Әйелдің айтуынша, олар беттерін балаклавамен жауып, үстіне Словакияның Ұлттық қылмыс агенттігінің (NAKA) атауы жазылған қара киім киген. Өздерін полицей деп таныстырған олар әйелдің үйін тінткен. Кейін ер адамды тауып, оны ұрып-соққан болуы мүмкін.
Әйел өзін полицей деп таныстырған адамдардың әрекетіне шағымданбақ болғанда, олардың полиция қызметкері емес екені анықталған. Кейін оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 18 бен 21 жас аралығындағы төрт адам ұсталды. Тағы біреуі қашып кеткен.
Студенттердің бірінің адвокатының айтуынша, оның қорғауындағы азаматқа адамдар тобымен бірлесіп, бопсалау мақсатында адам ұрлады деген айып тағылған. Алайда қорғаушы тарап айыптау нұсқасымен келіспейді.
Айыпталушыларды қамауға алу туралы өтінішті сот 20 қарашада қарауы керек болған. Әзірше сот шешімі туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салайық, мұның алдында ҚР Сыртқы істер министрлігі Словакияда Қазақстанның төрт азаматы ұсталғанын растаған еді.
Ведомство Kazinform сауалына берген жауабында аталған жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.
— Ұсталған азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Бұл жағдай Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, — делінген ресми жауапта.