СІМ қазақстандықтарға қай елде жүрсе де сақ болуды ескертті

Фото: Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазақстандықтарға қай елде жүрсе де сақ болуды ескертті.

«Әрине, теракт (Мәскеудегі Crocus City Hall» концерт залында орын алған теракт) адам шошытарлық болды. Сол түні Қазақстанның Ресейдегі Елшілігімен хабарласып, бекітілген алгоритм бойынша жұмыс істедік. Жедел желінің телефон нөмірі жарияланды. Мәскеудегі студенттер мен басқа да Қазақстан азаматтарының бәрімен хабарласып, жағдайын анықтай бастадық. Қазіргі таңда қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматы жоқ», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, бүгінде әлемдегі жағдай күрделініп бара жатыр. Одан ешкім сақтанбаған. Сондықтан азаматтарымыз қай елде жүрсе де сол елдің билігі қойған заңды талаптарды орындауы керек.

«Сақтықта қорлық жоқ. Сақ болып жүрген дұрыс деп ойлаймын. Қазір Ресейде нақты қанша студент оқитынын білмейміз. Өйткені, әр адам қайда оқитынын өзі шешеді. Бейресми деректер бойынша 40 мыңға жуық қазақстандық студент Ресейде оқып жүр. Олар одан да көп болуы мүмкін», - деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, 22 наурыз күні Мәскеудің солтүстік-батысындағы «Crocus City Hall» концерт залында камуфляж киген адамдар ғимарат ішінде жүрген адамдарға оқ жаудырған.

150-ден астам адам жарақат алып, 100-ден астам адам мерт болды. Олардың ішінде балалар да бар.