СІМ қазақстандықтарға Таяу Шығыс елдеріне сапарды кейінге қалдыруға кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды жазғы демалыс маусымында шетелге сапарларды жоспарлау кезінде халықаралық жағдайды ескеруге шақырды. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев брифинг барысында мәлімдеді.

Фото: Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы

— Азаматтарды шетелге сапарларын жоспарлауға барынша мұқият қарауға және баратын елдегі ахуалды міндетті түрде ескеруге шақырамыз, — деді ол.

Оның айтуынша, бұл әсіресе қазақстандық туристер жиі баратын бағыттарға — Біріккен Араб Әмірліктеріне, Катарға, Сауд Арабиясына және Таяу Шығыстың өзге де елдеріне қатысты.

— Біз өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететін өзара қолайлы шешімдерге жақын арада қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Сонымен қатар жағдай толық тұрақталғанға дейін сақтық танытқан жөн деп санаймыз. Осыған байланысты азаматтарға мүмкіндігінше өңір елдеріне аса қажет емес сапарлардан уақытша бас тартуды ұсынамыз, — деді Ерлан Жетібаев.

Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттерге кіру тәртібіне қатысты өзекті ақпаратты ведомствоның ресми сайтында тұрақты түрде жариялап отыратынын еске салды.

Ерлан Жетібаевтың айтуынша, соңғы уақытта шетелдік туристерге қойылатын талаптарды өзгерткен елдердің қатарында Ресей, Вьетнам және Шенген аймағына кіретін мемлекеттер бар.

Айта кетейік, СІМ қауіп-қатер жоғары аймақтарды атаған еді.