— Жобалардың қаржыландырылуы әрдайым нәтижеге қол жеткізуге бағытталмаған. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 79 жобаға іске асыру шығыстары егжей-тегжейлі нақтыланбастан 62 миллиард теңге бөлінді, яғни, мемлекет ірі ғылыми жобаларды шығындар құрылымын толық анықтамай қаржыландырды, — деді палата төрағасы.
Оның айтуынша, орындаушыға ықпал етудің қаржылық тетігі мүлдем жоқ деуге болады. Жобаның қорытынды бағалаудан кейін қалған қаржыландырудың үлесі соңғы жыл қаржысының 10%-ін немесе жалпы құнының 2-4%-ін ғана құрайды. Демек, есеп қабылданбаған жағдайда да қаржының басым бөлігі жобаны орындаушыларда қалады.
— 16 миллиард теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілмеген. Сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, оларды реттеуге қатысты міндетті шешімдерді қабылдауға алып келмеді. 2025 жылы екі мыңнан астам ғылыми және коммерцияландыру жобалары мониторингпен қамтылып, 3 миллиард теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды. Алайда Ұлттық ғылыми кеңестер ақпаратты назарға алумен шектелді, — деді Әлихан Смайылов.
Палата төрағасының дерегінше, 2023-2025 жылдары 393 ғылыми-техникалық тапсырмадан сомасы 67 миллиард теңгені құрайтын 149 тапсырма іске асырылмаған.