2023-2025 жылдары 149 ғылыми-техникалық тапсырма іске асырылмады — ЖАП
АСТАНА. KAZINFORM — 2023-2025 жылдары 393 ғылыми-техникалық тапсырмадан сомасы 67 миллиард теңгені құрайтын 149 тапсырма іске асырылмады. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
— Басымдықтар мен ғылыми-техникалық тапсырмалар ғылыми тапсырыстардың нақтылығын қамтамасыз етпейді. Басымдықтардың мәні — міндеттерді нақты іріктеу. Өйткені мемлекеттің оларға жұмсайтын ресурстары шектеулі. Іс жүзінде 2025-2027 жылдарға арналған 7 басымдық пен 153 арнайы бағыттар бекітілді. Мұндай тізбе басымдық идеясын бұрмалап, кез келген зерттеуді басымдықтар қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Ғылыми-техникалық тапсырма түпкілікті нәтижені тексеру параметрлерін және енгізу тетігін қамтитын нақты басқару тапсырмасы болуы керек, — деді ол.
Алайда палата төрағасының сөзіне қарағанда, тапсырмалар бірқатар жағдайда нәтижесі мен оны тексеру өлшем-шарттары жеткілікті нақтыланбай, жалпылама түрде қалыптастырылады.
— Салалық министрліктердің осы мәселедегі рөлі төмен деңгейде болып отыр. Олар нақты салалық проблемаларды әрдайым айқындай бермейді. Қолданбалы нәтижені және оны пайдалану тетігін белгілемейді. Нәтижесінде ғылыми-техникалық тапсырмалардың едәуір бөлігі расталған салалық сұраныссыз қалыптастырылады. 2023-2025 жылдары 393 ғылыми-техникалық тапсырмадан сомасы 67 миллиард теңгені құрайтын 149 тапсырма іске асырылмады. Бұл ретте тапсырмалардың іске асырылмау себептеріне талдау да жасалмады, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол ғылымның экономикадағы үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,16 пайызды ғана құрайтынын айтты.