Смайылов елордадағы №3 жылу орталығының құрылысы созылып кеткенін сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жылу нысандарындағы қордаланған мәселелердің түпкі себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сонымен қатар, қалалар кеңейіп, құрылыс секторы қарқынды дамуда. Абоненттердің саны да артты. Мұның барлығы, біріншіден, қолданыстағы жылу резервтерінің сарқылуына алып келгенін көріп отырмыз. Мұндай жағдай Астана, Алматы, Павлодар мен Ақтауда тіркелді. Екінші жағынан, аудандардың дұрыс жоспарланбауы бар. Тұрғын үйлер мен жылу желілерін бейберекет салуы суық түсе апатты жағдайларға соқтырып жатыр», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, ол қала ішінде ауаны ластайтын автономды қазандықтар салынып жатқанына назар аударды.

«Желілер мен жылу орталықтарына және қазандықтарға сапасыз қызмет көрсетіледі. Тұтынушылар қарызы және газдандыруда қиындықтар бар. Ең бастысы – жаңадан жылу орталықтарын салу жұмыстары созылып кеткен. Бұған мысал ретінде елордадағы №3 жылу орталығының құрылысын айтуға болады. Сондықтан, желілердің техникалық жағдайын тексеруді жалғастыру керек», - деді Әлихан Смайылов.