«Өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблеманың бетін ашып берді. Мұның барлығы – әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгендігінің салдары. Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді. Үкіметтік комиссия құрылып, жергілікті жерге барып, жұмыс істеген жағдайлар да болды. Аталған мәселелер Үкіметте бірнеше рет қаралды», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр барлық әкімдік бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға қайта жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеу керектігін баса айтты.
«Өткен жылыту маусымында авариялардың саны айтарлықтай артты. Тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан, орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да көптеген инфрақұрылымдық ақаулар орын алды. Мұның барлығы тұрғындардың орынды наразылығына алып келді», - деді Әлихан Смайылов.