Соғым маусымы: Қарағанды облысында мал ұрлығына қарсы 19 блок-бекет қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысында полиция күзгі соғым маусымы қарсаңында автожолдардағы бақылауды күшейтті. Өңір аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға 19 жылжымалы блок-бекет қойылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Polisia.kz

Блок-бекеттер 25 қыркүйектен бастап іске қосылған. Мұндағы негізгі мақсат пен міндет — мал ұрлығының алдын алу, ұрланған мал мен ет өнімдерін тасымалдау фактілерін дер кезінде анықтау және қылмыстың жолын кесу. 

Полиция қызметкерлері блок-бекеттер арқылы мал және ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеріп, жүктің заңдылығын растайтын құжаттарға назар аударады. 

— Жылжымалы блок-бекеттердің мал ұрлығының алдын алуда маңызы зор. Мұнда қызмет атқаратын полиция қызметкерлері ет тасымалдайтын көліктерді тоқтатып, өнімдердің заңдылығын растайтын құжаттарды тексереді. Құжаттар талапқа сай болмаса, көлік полиция бөліміне жеткізіліп, малдың иесі анықталғанға дейін тиісті тексеру жүргізіледі. Өткен жылы Теміртау қаласының маңындағы блок-бекетте Ақмола облысынан ұрланған 46 бас жылқы анықталған. Бұл мұндай бақылау шараларының тиімділігін көрсетеді, — деді Қарағанды облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында мал ұрлығының 25 дерегі тіркеліп, оның 14-і ашылды. Сонымен қатар мал ұрлығын тұрақты түрде жасаған 4 қылмыстық топтың жолы кесілді. Мәселен, шілде айында криминалдық полиция қызметкерлері арнайы операция барысында үш адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады.

Тергеу барысында аталған адамдардың мал ұрлығының 7 дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды. Блок-бекеттердің тиімділігі өткен жылғы нәтижелерден де көрінеді. Былтыр олардың жұмыс барысында мал ұрлығының 8 дерегі анықталған.

Полиция өкілдері күзгі соғым науқаны кезінде мал мен ет өнімдерін тасымалдау кезінде қажетті құжаттарды өзімен бірге алып жүрудің маңызын ескертеді. Жылжымалы блок-бекеттер қыс түскенге дейін жұмыс істейді. Полицияның айтуынша, жолдағы бақылаудың күшеюі ұрланған малды тасымалдау мүмкіндігін шектеп, қылмыстың алдын алуға бағытталған.

Бұған дейін БҚО-да 36 жылқыны ұрлап, оңтүстік өңірлерге жөнелтіп отырған күдікті ұсталғанын жазған едік.