Іс-шара Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орайластырылып, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің III форумының аясында ұйымдастырылады. Жәрмеңкеге Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және еліміздің басқа да облыстарындағы фермерлік шаруашылықтар қатысып, өз өнімдерін ұсынады. Келушілерге отандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің кең ассортименті ұсынылады.
«Соғым-FEST» жәрмеңкесінің басты ерекшелігі — өнімдерді өндірушілердің тікелей сату форматы. Бұл қосымша делдалдарды болдырмауға, фермерлердің өнім өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және елорда тұрғындарының сапалы отандық өнімдерге тікелей қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Жәрмеңке өңірлік өнімдерді ілгерілетуге, отандық мал өсірушілерді қолдауға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға арналған қосымша алаңға айналады.
Сауда 21 және 22 қараша күндері сағат 10:00–ден 19:00–ге дейін Астананың үш алаңында қатар өткізіледі:
«Keruen Joly» сауда орталығы — Алаш тасжолы, 35Б.
Автобус бағыттары: № 7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 76, 81, 82, 120, 120А, 307, 317.
«Ет Әлемі» сауда орталығы — Алаш тасжолы, 31/1.
Автобус бағыттары: № 7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 76, 81, 82, 120, 120А, 307, 317.
«Jurt» сауда орталығы — Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
Автобус бағыттары: № 2, 7, 13, 32, 42, 49, 50, 67, 73.
— Елорда тұрғындары мен қонақтарын «Соғым-FEST» жәрмеңкесіне келіп, отандық өндірушілерді қолдауға және қазақстандық фермерлердің өнімдерін делдалсыз, тікелей сатып алуға шақырамыз, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Бұған дейін Астанада соғым жәрмеңкесін сол жағалауда өткізу жоспарланып отырғанын жаздық.