Астанада соғым жәрмеңкесін сол жағалауда өткізу жоспарланып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Соғым Fest» ет жәрмеңкесін сол жағалауда да өткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір жәрмеңке елорданың үш сауда алаңында өтіп жатыр.
– Жәрмеңкені сол жағалауда да өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір оны қай жерде ұйымдастыруға болатынын талқылап жатырмыз, – деді Мақсат Жаңабаев Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Қарашада басталған жәрмеңке желтоқсанның соңына дейін әр сенбі мен жексенбіде мына мекенжайларда өтеді:
· Keruen Joly сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б;
· «Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1;
· Jurt сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
Жәрмеңкеде сиыр етінің келісі 3 300 теңгеден, жылқы еті 3 500 теңгеден, қой еті 3 700 теңгеден басталады.
Басқарма өкілінің айтуынша, жәрмеңкедегі бастапқы бағалар республикалық орташа бағадан төмен. Атап айтқанда, жылқы еті 19 пайызға, қой еті 17 пайызға, сиыр еті 13 пайызға арзан.
Мәселен, 50 келі жылқы етін жәрмеңкедегі бастапқы бағамен сатып алған тұрғын республикалық орташа бағамен салыстырғанда 42 мың теңгеге жуық қаражат үнемдей алады.
Астанада «Соғым Fest» жәрмеңкесі үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мұнда тұрғындар етті өндірушілердің өзінен делдалсыз сатып ала алады.
Еске салайық, биыл Астанада «Соғым-FEST» жәрмеңкесі аясында 1 мың тоннадан астам ет сату жоспарланған еді.