Астанада демалыс күндері «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада алдағы демалыс күндері, яғни 14-15 қарашада кезекті «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінен ет өнімдерін делдалсыз әрі тиімді бағада сатып ала алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкеге Ақмола, Абай, Қарағанды, Павлодар және Қазақстанның басқа да облыстарынан келген фермерлік шаруашылықтар қатысады. Еттің бір келісі 3 300 теңгеден басталады.
Жәрмеңке жыл соңына дейін әр демалыс күндері елорданың үш сауда алаңында өтеді:
• «Keruen Joly» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б;
• «Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1;
• «Jurt» сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
14 және 15 қараша күндері жәрмеңке сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жәрмеңке өтетін орындарға қоғамдық көлікпен жетуге болады:
• «Keruen Joly» және «Ет Әлемі» сауда орталықтарына: №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 76, 81, 82, 120, 120А, 307 және 317;
• «Jurt» сауда орталығына: №2, 7, 13, 32, 42, 49, 50, 67 және 73.
Айта кетейік, жәрмеңкенің алғашқы екі күнінде, яғни 7-8 қарашада шамамен 150 тонна ет өнімі сатылды. Жоба аясында барлығы 1 000 тоннадан астам ет өнімін өткізу жоспарланып отыр.
Жәрмеңке отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға, өнімді делдалсыз сату жолдарын дамытуға және елорда тұрғындарын қолжетімді бағада сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Өткен аптада жәрмеңкеге Ақмола, Абай, Қарағанды, Павлодар және еліміздің басқа да облыстарынан келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.