Соғыс уақытында Петропавлдағы комбинат жұмысшылары жоспарды 6 есе орындаған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы консерві зауытының жұмысшысы Зағифа Табылдинова – соғыс уақытында «Ленин» орденімен марапатталған алғашқы қазақ әйелі. Биыл Петропавлдағы ет комбинатының құрылғанына 110 жыл толып отыр. Қаладағы ең көне кәсіпорын соғыс жылдары майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты.
– Петропавл ет комбинаты өз өнімін тек республика аумағында ғана емес, сондай-ақ Одаққа және шет елдерге шығарған. 1914 жылы І Дүниежүзілік соғыс басталғанда әскерді тамақпен қамтамасыз ету керек болды. Осыған орай Петропавлда ет комбинатын салу туралы шешім қабылданады. 1915 жылы ол кезде «Консервный завод» деп аталады, алғашқы өнімі шығады. Біздің өңірде қазақтар негізінен мал шаруашылығымен айналысып, сойған мал етін Ресейдің қалаларына апарып өткізетін. Консерві зауытының ашылуы бұл мәселені көрші өңірлерде де шешті, яғни шикізат жеткілікті болды. Сондай-ақ жергілікті экономиканың дамуына, жұмыс орындарының ашылуына әсер етті, - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
1925-29 жылдары, архив материалдарына жүгінсек, консерві зауытының кеңейіп, арнайы мұздатқыш камералары алынғанын көруге болады.
– Екінші Дүниежүзілік соғыс басталған уақытта Петропавлда қару-жарақ шығарудан бөлек, азық-түлікті өндіру де жақсы жолға қойылды. Яғни осы ет комбинатының орны бөлек. Өнімі астықпен бірге майданға жөнелтіліп тұрды. 1941 жылы ет комбинаты жылдық жоспарды асыра орындады. Бұл көрсеткіш өндіріс озаттарының арқасында мүмкін болды. Зағипа Табылдинова деген жұмысшы – Қазақстан бойынша соғыс жылдарында ең бірінші болып «Ленин» орденімен наградталған әйел. Сол ауыр кезеңде бұл кәсіпорында негізінен әйелдер жұмыс істеді ғой. «Ерен еңбегі үшін» медалімен да жүздеген адам марапатталған екен, ол да біздің архивте сақтаулы, - дейді Сәуле Мәлікова.
Архив құжаттарында Зағифа Табылдинованың соғысқа кеткен 4 жұмысшының орнын жоқтатпай, бір өзі атқарғаны жазылады. Ет комбинаты цехтары мен зауыттарының озық жұмысшы-әйелдері Н.Пинеева, З. Табылдинова, М. Галеева күнделікті тапсырмаларды 600% орындады. Жалпы комбинаттың елуден астам жұмысшысы күнделікті жоспарды 200-500% дейін атқарды. 1942 жылы кәсіпорында 1 100-ден астам адам еңбек етсе, соның әр екіншісі өзіне жүктелген міндетті жанқиярлықпен атқарып, тапсырманы асыра орындады.
– 60-70-ші жылдары бұл кәсіпорынның беделі тағы да артты. Одақ бойынша бес ірі комбинаттың қатарында болды. 90-шы жылдары жекешелендіру саясаты жүрді де, ет комбинаты бөлшектеліп, бірнеше жеке кәсіпкердің қолына өтті. Қазір олардың бірқатары табысты еңбек етіп, ет өңдеумен айналысып жатыр, - дейді Сәуле Мәлікова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Кентау қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жалғыз ардагер қалғанын жазған едік.
Сондай-ақ СҚО-да соғысқа аттанған жігіттің тасқа жазған хаты сақталған.