Сол Кэмпбелл: «Қайрат» Еуропа алыптарына қарсы сенімді ойын көрсетті

Фото: instagram.com/f.c.kairat

АСТАНА. KAZINFORM — «Қайраттың» алғашқы Чемпиондар лигасындағы матчы Қазақстан футболы үшін тарихи оқиғаға айналды. Бұл туралы «Арсеналдың» бұрынғы ойыншысы Сол Кэмпбелл Kazinform тілшісінің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

— Менің ойымша, команда өте жақсы өнер көрсетті, әсіресе бірінші таймда. Допты сенімді ұстады, тіпті алғашқы он секундта-ақ айқын мүмкіндікке ие болды. Өкінішке қарай, сол сәтте Куртуаға көбірек қысым жасай алмады. Дегенмен, «Қайраттың» қақпашысы тамаша ойынымен көзге түсті. Ол небәрі 18 жаста, алайда болашағы жарқын, — деді Сол Кэмпбелл.

Оның айтуынша, «Қайрат» Еуропаның ең мықты клубтарының бірі — ең көп Чемпиондар лигасын жеңіп алған «Реал Мадридке» қарсы ойнады.

— Бұл тарихи күн, тамаша атмосфера болды. Бұл тек «Қайрат» үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін халықаралық БАҚ УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездесуін кеңінен талқылаған еді.