Із-түссіз жоғалған 51 жастағы петропавлдық туралы арыз қалалық ІІБ-ға 2013 жылдың басында туыстарынан келіп түседі. Аталған оқиға бойынша іздестіру ісі қозғалды. Осы уақытқа дейін тұрғылықты мекенжайын анықтау жұмыстары жүргізілді. Тек ағымдағы жылдың қаңтар айында оның бөтелкелесінің құрбанына айналғандығы анықталды.
«2017 жылдың қаңтар айында жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында ер кісінің жоғалуына 1978 жылы туған Петровал қаласы тұрғынының қатысы бары анықталды. Тергеу жұмыстары барысында үйлердің біріндегі жертөледе жоғалушының мәйіті табылды. Қазіргі таңда күдікті қамауда, өзінің кінәсін толық мойындады. ҚР ҚК 99-бабының 2-тармағы бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл баб бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді Петропавл қалалық ІІБ бастығы Анатолий Мурзыканов.
Күдікті - жұмыссыз, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған. Осы жылдар бойы өзінің қылмысын жасырып келген. Ішімдік ішкеннен кейін орын алған жанжалдың соңы кісі өліміне ұшыратқан. Күдікті мәйіттен құтылу үшін оны спирттік ішімдік ішкен жертөлеге көміп кеткен.