Солтүстік Қазақстан су тасқынына дайындалуда

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО Ішкі істер департаментінде су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша жиналыс өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі полиция ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІД жедел жоспарлау басқармасының бастығы Ербол Бектұровтың хабарлауынша, су тасқыны кезінде және су тасқыны іс-шараларындағы азаматтық қорғау қызметінің қатысуы мен дайындық жоспары жасалып, бекітілген.
 

Құтқарушылардың ақпаратына сүйенсек, облыстағы 1500 тұрғын үйі бар 95 елді мекенде су басу қаупі бар.

Полиция қызметкерлері жолдардың жағдайын бақылау жұмыстарын жүргізуде. Қауіпсіздікті және автокөліктердің үздіксіз қозғалысын, жолдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында су басу қаупі бар 291 учаске бақылауға алынды. Республикалық маңызы бар барлық 1468 шақырымдық жолды тәулік бойы ІІД жол-патрульдік полиция батальонының 15 экипажы күзетуде.
 

СҚО ТЖД бастығы Павел Филиппов жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне тас жолдардағы су өткізетін құбырлардың жағдайын қатаң бақылауда ұстау керектігін нықтап айтты.

Жиналыс соңында СҚО ІІД бастығы Берік Білялов тасқынға қарсы шараларға байланысты аудандардағы аумақтық бөлімшелер басшыларының жеке жауапкершілігі туралы ескертті.