Солтүстік Қазақстанда жаңа өндірістік цех өртке оранды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО Қызылжар ауданында жұмыртқа салатын қорап шығаратын цех аумағында өрт шықты, деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Өрт сөндірушілер келген кезде жалын 400 шаршы метрді шарпып үлгерген.

Өртті ауыздықтауға 7 бірлік техника, жеке құрамнан 26 адам жұмылдырылды. 2 жауынгерлік учаске құрылды. Өртті сөндіруге қатты жел кедергі келтірді.

Тілсіз жау цехтың шатырын, қосалқы жабдығын зақымдап, дайын өнім бөлігін жойған. Өрт сөндірушілер негізгі жабдықпен қалыптама-қондырғымен өндірістік цехты сақтап қалды. Жалынның көрші ғимаратқа тарауының алдын алды.

Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Шығу себебі мен шығындар анықталуда.

Прибережное ауылында цех 2016 жылы 16 желтоқсанда ашылған. Жалпы алаңы 2 мың шаршы метр. Жобалық қуаты - жылына 800 мың дана. Жоба құны 80 млн теңге, оның 20 млн теңгесі - «БЖК» бағдарламасы бойынша алынған.