«Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сіздермен бірлесе отырып, өңірлік жне жаһандық жанжалдарды шешу үшін бар күш-жігерін жұмсайтын болады. Ауғанстан басшылығының ауғанішілік саяси диалогты нығайту, елді тұрақты, дамыған мемлекетке трансформациялау жөніндегі күш-жігерін толықтай қолдаймыз. Бұл өңірдегі барлығымыздың мүддемізге сай», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Астана процесі алаңында сирияаралық дағдарысты реттеу жөніндегі келіссөздер үдерісіне өзінің зор үлесін қосып келе жатқандығын баса айтты.
«Барлық мүдделі тараптардың аталған келіссөздеріне жағдай жасау барынша маңызды. Бұған қоса, Қазақстан ядролық қарусыздану және таратпау идеясын жақтаушы болып саналады. Осыған байланысты біз Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеу бойынша келіссөздердің тез арада қайта жаңғыруын жақтаймыз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті Қазақстанның «жасыл экономиканы» дамыту жөніндегі жаһандық күш-жігерге де қолдау көрсететіндігін жеткізді.
«Бүгін барлығымыз «Болашақ энергиясы» ұранымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына қатысатын боламыз. Барлықтарыңызға ұсынысымды қабыл алып, аталған шараға қатысуға ниет білдіргендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бірнеше ай бойы осы жерде экологиялық таза энергетика саласындағы ең алдыңғы қатарлы технологиялар көрсетілетін болады. Астанада өтетін ЭКСПО нәтижесі ШЫҰ-ның барлық мемлекеттеріне және толықтай алғанда халықаралық қоғамдастыққа айтарлықтай пайда әкелеріне үміт артамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.