Солтүстікқазақстандықтар 200 млн теңге айыппұл төлеген

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандықтар түрлі ереже бұзғаны үшін жылдың басынан бері 200 млн теңге төлеген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлер өткен жылмен салыстырғанда, өңір тұрғындарының айыппұлдары уақытылы төленіп жатқандығын атап өтті. «Өңірлік жеке сот орындаушыларымен, «Қазақтелеком» АҚ және «Қазпошта» АҚ-мен жұмыстар ұйымдастырылды. Жол-патрульдік полицейлері мен әкімшілік тәжірибе инспекторлары құқық бұзушылардың айыппұлды сол жерде төлеуіне мүмкіндік беретін жылжымалы банктік POS-терминалдар қолдануда. Терминалдардың көмегімен бүгінде 2 мың операция жүргізіліп, 12 миллион теңге өндірілді», - деп атап өтті облыстық ІІД бастығының орынбасары Қайрат Оразалин.

Ішкі істер департаменті төленбеген айыппұлдары бар адамдарға SMS-хабарлама көмегімен құлақтандыру мәселесін көтерді. Ұялы байланыс операторларының бірі осы тетікті іске қосты. Сәуір айынан бері төленбеген айыппұлдары туралы хабарламаны 15 мың азамат алған.