Солтүстік және шығыс өңірлер газбен қашан қамтылады

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде аймақтарды газбен қамту шаралары жөнінде мәлімдеді.

Фото: Pexels

Оның сөзінше, биыл Қазақстандағы газдандыру үлесін 64,5%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Әзірге республиканың солтүстік және шығыс облыстары газбен қамтылмаған. Министрлік осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Мемлекет басшысы Жолдауында газдандыру көрсеткішін 80%-ға жеткізу міндетін қойды. Бұл тапсырманы Энергетика министрлігі орындап жатыр. Алдағы жылдарда атқарылады. Бұл үшін өткен жылы «QazaqGaz» және «Газпроммен» «Есіл-Астана» газ құбыры желісін салу жөнінде меморандум жасалды. Бұл жоба солтүстік өңірлерге газ жеткізуге мүмкіндік береді. Одан әрі шығысқа газ тарту жайында келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыстар газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізеді, — деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін газ саласында аудит жүргізіліп, 24,1 млрд теңгеге заң бұзушылық тіркелгенін жазғанбыз.