Ақтоты Боранованың айтуынша, соңғы 20 жылда елдегі халық саны мен көлік саны айтарлықтай артқанына қарамастан, жол-көлік оқиғаларынан болатын адам өлімі екі есеге төмендеген.
— Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан халқының саны шамамен 16 миллион болса, қазір 20 миллионнан асты. Сол кезде елімізде 2,5 миллион көлік тіркелген еді, бүгінде олардың саны 5,5 миллионға жуықтады. Бұған қоса, 500 мыңға жуық транзиттік көлік бар. Сол кездерде адам шығыны жылына 4,5 мың болатын. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазір екі есеге төмендеді. Әрине, қазіргі таңда да жылына 2 мыңнан астам адам жол-көлік оқиғаларынан көз жұмады. Дегенмен адам өлімін азайту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі жылдан жылға байқалып келеді, — деді Ақтоты Боранова.
Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының арқасында 270 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туған.
— Жалпы статистикаға сүйенсек, төмендеу үрдісі байқалады. Алайда қоғам назарын аударатын жантүршігерлік жол апаттары атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көлеңкеде қалдырып жатады, — деді ол.
Ведомство өкілінің айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруда негізгі мәселелердің бірі — қаржыландыру.
— Ішкі істер министрлігі жүргізілген талдау мен зерттеулердің нәтижесінде қажетті ұсыныстарды енгізеді. Кейін олар жоспарларға енгізіліп, қаржыландыру мәселесіне қарай кезең-кезеңімен іске асырылады. Адам өмірін сақтап қалуға бағытталған кез келген құрал тиімді деп есептейміз, — деді спикер.
Сондай-ақ Ақтоты Боранова балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын айтты.
— Біздің министрдің басты талаптарының бірі — профилактика, яғни оқиға болғаннан кейін оның салдарымен күресу емес, қауіптің алдын алу. Сондықтан балалар арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, республика жолдарындағы жол апаттарынан болатын өлім-жітім 26,8 пайызға төмендегенін жазғанбыз.