Соңғы үш тәулікте елімізде қанша мұнай мен газ өндірілді
Соңғы үш тәулікте еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінде көмірсутекті шикізат өндіру, оны өңдеу көрсеткіші құбылды. Ал, мұнай өңдеу көлемі үш тәулік қатарынан азайды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық ахуалдық-талдамалық орталығының Телеграм арнасында еліміздегі компаниялардың мұнай мен газ өндіру, «қара алтын» өңдеу көрсеткіші туралы мәлімет жарияланды.
Мәселен, 28 желтоқсанда Қазақстандағы табиғат пайдаланушы компаниялар 254,4 мың тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген. Бұл көрсеткіш 29 желтоқсанда 258,7 мың тоннаны құрады. Демек, бір тәулікте 4,3 мың тоннаға артып отыр.
Алайда, кеше, 30 желтоқсанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көрсеткіші төмендеді. Бұл тәулікте 257,6 мың тоннаны құраған көмірсутекті шикізат өндірілді.
Соңғы үш тәулікте ілеспе газ өндіру көрсеткіші де құбылды. Мәселен, 28 желтоқсанда компаниялар 179,2 млн текше метр газ өндірген. Бір тәуліктен соң, 29 желтоқсанда газ өндіру көлемі азайып, 178,7 млн текше метрді құраған. Ал, 30 желтоқсанда ілеспе газ өндіру көрсеткіші қайта артып, 179,4 млн текше метрге жетті.
Жер астынан өндірілген табиғи байлықты өңдеу көрсеткішінің үш тәулік бойы төмендегені байқалып отыр. Өйткені, 28 желтоқсанда еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында 49,3 мың тонна «қара алтын» өңделген.
Бұрнағы күні – 29 желтоқсанда зауыттарда өңделген көмірсутекті шикізат көлемі 49,2 мың тоннаны құрады. Өткен тәулікте өнім өңдеу көрсеткіші тағы төмендеді. Нақтылай айтқанда, кеше, 30 желтоқсанда 48,9 мың тонна мұнай өңделді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Теңіз-Новороссийск» құбырымен мұнай тасымалдау үш күнге неге тоқтатылғанын жазған едік.