«Теңіз-Новороссийск» құбырымен мұнай тасымалдау үш күнге неге тоқтатылды
Каспий құбыр консорциумының «Теңіз-Новороссийск» құбырымен «қара алтынды» тасымалдау, Қара теңіз жағалауындағы терминалында танкерлерге мұнайды тиеу бірнеше күнге тоқтатылған болатын. Бүгін мұнайды тиеу, жөнелту қайта жалғасқан, деп хабарлайды Kazinform.
![Атырауда заңсыз айналымнан 14 697 тонна мұнай, 30 668 литр алкоголь алынған Атырауда заңсыз айналымнан 14 697 тонна мұнай, 30 668 литр алкоголь алынған](/static/img/plug.webp)
Танкерлерге мұнай тиеуді тоқтатуға қолайсыз ауа райы себеп болған. Консорциумның Телеграм арнасындағы ақпаратқа сүйенсек, 22-26 желтоқсан аралығында Қара теңізде қатты желдің салдарынан толқын көтерілген. Соған байланысты терминалда танкерлерге мұнайды ауыстырып тиеу толығымен тоқтатылған.
Ал, танкерлер күту аймағына жіберілген.
«25-28 желтоқсан аралығында мұнайды сақтайтын қоймалардың толғанына байланысты «Теңіз-Новороссийск» құбырымен тасымалдау тоқтатылды. Терминалда қалыптасқан жағдай туралы жүк жөнелтушілерге уақытылы хабарланды. Жүк жөнелтушілердің мұнайы құбырдың желілік бөлігінде және теңіз терминалының резервуарлық паркіндегі бос қазандарға құйылды. Ал, 26-27 желтоқсанда ауа райының жақсарған сәтінде теңіз терминалындағы айлақ құрылғыларында танкерлерге мұнайды ауыстырып тиеу қайта басталды», - деп хабарлады консорциумның баспасөз қызметі.
Сол күндері жалпы дедвейті 218 мың тоннаны құрайтын екі танкер жөнелтілген. Бүгін, 28 желтоқсанда мұнайды тиеу, жөнелту жұмысы қайта жалғасты. Қазір Каспий құбыр консорциумының мұнай құбыры желісі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында танкерлерге мұнай тиеу қайта басталғанын жазған болатынбыз.