«Әлем экономикасындағы дағдарыстық құбылыстардың жағдайында, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейінің артуы тұрғысында біздің елдерге мигранттар ағынының төмендеуі туралы айту әзірге ерте. Сонымен қатар халықаралық лаңкестік қатері аясында көші-қон саласындағы қадағалаудың маңыздылығы мен өзектілігі артып отыр», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғұмбаев.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда Қазақстанға уақытша мекен ету мақсатында 8 миллионнан астам шетелдік келді. Ал биыл ішкі істер органдарында 600 мыңнан астам шетел азаматы тіркелді. Атап айтқанда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60 мыңы жауапқа тартылды және 2 мыңға жуығы ел аумағынан шығарылды.