АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 20 жастағы Соня Жиенбаева жұптық сында Дублин (Ирландия) ITF W50 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген С.Жиенбаева нидерландылық Стефани Виссхермен бірге алдымен нидерландылық Коко Босман – германиялық Анн Акаша Чеуканы камбэкпен ұтты – 3:6, 6:2, 10:6.
Қазақстандық-нидерландылық жұп ширек финалда ұлыбританиялық Джоди Беррейдж – франциялық Сиротт Астридке қарсы келді.
Бұл жолы да С.Жиенбаева – С.Виссхер камбэк жасай білді – 4:6, 6:4, 10:6.
Бәсеке 1 сағат 37 минутқа созылды.
Сония Жиенбаева – Стефани Виссхер финалға шығу үшін доданың 2-ракеткалары, ұлыбританиялықтар Элла Макдональди – Амелия Раецкимен таласады.
Жүлде қоры 40 мың долларға бағаланған Дублиндегі жарыс 2 тамызда мәресіне жетеді.
Рейтингіде 735-орындағы С.Жиенбаева жекелей сында алғашқы айналымда әлемнің 225-інші, турнирдің 2-ракеткасы, ұлыбританиялық Алисия Дадниден өте алмады – 5:7, 6:3, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Испаниядағы жарыстың жартылай финалында ойнайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).