АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, әлемнің 738-ракеткасы, 20 жастағы Соня Жиенбаева Оренсе (Испания) ITF W75 турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 505-ракеткасы, Беларусь өкілі Анна Кубареваның мысын басты.
Бірінші партия 7:5 есебімен аяқталса, екінші сетте Соня Жиенбаева айқын басымдылық көрсетті — 6:1.
Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.
Соня Жиенбаева ширек финалға шығу үшін әлемнің 272-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, марокколық Ясним Каббаджбен шеберлік таластырады.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 715-орынға көтеріліп тұр.
С.Жиенбаева кеше жұптық сында да сәтті ойнап, ресейлік Екатерина Яшинамен бірге ширек финалға өткен болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Испаниядағы турнирде топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).