Соня Жиенбаева Испаниядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 738-ракеткасы Соня Жиенбаева жекелей сында Оренсе (Испания) ITF W75 жарысының жартылай финалына шықты.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 230-ыншы, осы турнирдің 3-ракеткасы, ұлыбританиялық Алисия Даднимен бетпе-бет келді.

Бірінші партия 7:5 есебімен С.Жиенбаеваның пайдасына шешілді. Бұдан кейін ұлыбританиялық спортшы матчты жалғастырудан бас тартты.

Соня Жиенбаева финалға шығу үшін әлемнің 327-ракеткасы, жапониялық Рина Сайгомен таласады.

Осы табысы нәтижесінде Қазақстан құрамасының мүшесі, 20 жастағы С.Жиенбаева WTA Live рейтингісінде бірден 570-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның жекелей сында Испаниядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.