Соня Жиенбаева жекелей сында Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, әлемнің 738-ракеткасы Соня Жиенбаева жекелей сында Оренсе (Испания) ITF W75 жарысының ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 272-інші, осы турнирдің 6-ракеткасы, марокколық Ясмин Каббаджға қарсы келді.
Бірінші партияда С. Жиенбаева 6:3 есебімен басым түсті.
Екіншісінде марокколық спортшы қарымта қайырды — 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Соня жеңісті жұлып алды — 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 4 минутқа созылды.
Соня Жиенбаева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 230-ракеткасы, ұлыбританиялық Алисия Дьюденимен таласады.
Жүлде қоры 60 мың долларға бағаланған аталмыш додада әлемдік рейтингіде 187-орындағы бельгиялық Грет Миннен 1-ракетка болып тіркелген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Торонто турниріндегі тартысты матчта жеңіске жеткенін жазған едік.