Соня Жиенбаева Қытайдағы жарыста азулы қарсыласын ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 1 037-ракеткасы, 19 жастағы Соня Жиенбаева Унин (Қытай) ITF W50 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Фото: ҚР МОҚ

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 206-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, ресейлік Александра Шубладземен бетпе-бет келді. 

Бірінші сет 6:4 есебімен ресейлік спортшының пайдасына шешілгенімен, А.Шубладзе матчты жалғастырудан бас тартты. 

С.Жиенбаева екінші айналымда әлемнің 371-ракеткасы, тағы бір ресейлік Варвара Паньшинамен ойнады. Бұл қарсыласының да фаворит болғанына қарамастан, Соня өз шеберлігін таныта білді.

Бірінші партияда В.Паньшина 6:3 есебімен басым түскенімен, қазақстандық теннисші камбэк жасай алды — 6:3, 6:4.

Тартысты өткен матч 2 сағат 57 минутқа созылды. 

Соня Жиенбаева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 306-ыншы, осы доданың 7-ракеткасы, жапониялық Рина Сайгомен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына өткенін жазған едік

Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемдегі ең әдемі теннисшілердің қатарына кірді.

Тимофей Скатов камбэкпен Италиядағы турнирдің ширек финалына шықты.