Сот Алматы облысындағы түрменің бұрынғы бастығына үкім кесті

Фото: Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM — Қонаев қаласының соты № 57 ҚАЖД мекемесінің бұрынғы бастығы П.Писарев және № 12 ҚАЖД мекемесінің жедел бөлімінің бастығы Е. Бөлекбайға пара алу ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Алматы облысы прокуратурасы.

Облыстық прокуратураның арнайы прокурорлары жазасын өтеудегі сотталғандарға қамқорлық көрсету және оларға тыйым салынған заттарды бірнеше рет кедергісіз алып өту үшін пара алғанын дәлелдеді.

— Сотпен тергеу барысында жиналған дәлелдемелер қарастырылып, П.Писарев келтірілген айыппен кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды, ал сотталушы Е.Бөлекбай келтірілген айыппен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаларын қылмыстық атқару жүйесінің орта қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді, — делінген хабарламада.

Бұндай прецедент сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаның бұлтартпастығын көрсетеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ерлан Қарин жемқорлықпен күрес бойынша бірқатар тапсырма берді.