Сот сараптамасы процестері ЖИ арқылы автоматтандырылады – Әділет министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда сот сараптамасын дамыту жұмыстары 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында жалғасады.

Фото: pexels

Оның айтуынша, Жол картасы заңнаманы жетілдіру, әдістемелерді жаңарту, цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бағыттарын қамтиды.

– Жол картасы аясында мемлекеттік тізілімдегі шамамен 200 әдістемеге қайта тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Бұл оларды қазіргі ғылыми талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді, – деді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтилесов.

Сондай-ақ спикер «Е-Сараптама» ақпараттық жүйесі жаңартылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, сараптама процестерінің бірқатары жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы автоматтандырылып жатыр.

– Ақпараттық жүйе жаңа микросервистік архитектураға көшіріледі. Бұл оның тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді орталық директоры.

Айта кетейік Сот сараптамасы жүйесінде енді компьютерлік томография қолданылады.