Сот вайнер Мейіржан Төребаевтың мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Түрксіб аудандық сотында Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша бес жылға сотталған белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралды.
Түрксіб аудандық соты М.Төребаевтың ҚР ҚК 73-бабында көзделген жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстыру туралы өтінішін қарады.
— Сот талқылауы барысында сотталғандарға жазаны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтініш хатты қанағаттандырудың негізгі критерийлерінің бірі — зиянның өтелмегені анықталды, –деп хабарлады қалалық соттан.
ҚК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қас көйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін.
— Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот М.Төребаевтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды, — деп атап өтті ведомстводан.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін, вайнерлер сотқа мерзімінен бұрын босату туралы өтінішпен жүгінген еді.
Бұған дейін Павлодар облысының № 44 мекемесінде жазасын өтеп жатқан, Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың Алматыдағы колонияға ауыстырылғаны туралы жазған едік.
Еске салайық, былтыр маусым айында Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша сот үкімі шыққан болатын. Аталған іс бойынша вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 5 жылға сотталды.
Сондай-ақ, қаржы пирамидасын құрды деп сотталған Мейіржан Төребаевтың әйелі Дана Есеева әлеуметтік желіде күйеуі мен балаларының видеосын жариялағанын жазғанбыз.
Кейін Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушы Мейіржан Төребаевтың неге үйіне жіберілгенін түсіндірді.
Осы жылдың басында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сотқа апеляциялық шағым түсірді.
Алайда апелляциялық сот вайнерлерге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.