Ақтөбеде Еркін Ізбасар бастаған қылмыстық топқа қатысты іс сотта қаралып жатыр. Іс материалдарына сүйенсек, қылмыстық топ алдымен аудан, ауылға барып, кен орындарына барлау жұмыстарын жүргізеді. Қай жерде қанша мұнай өндірілгені, оны қанша адам күзететіні және тасымалдау қай жолмен жүретіні туралы жан-жақты ақпарат жинаған топ кейін ұрлық жолдарының сызбасын жасайды. Қылмыстық топ мүшесі Қайыргелді Ізтұрғанов 2014 жылдың қазан айында «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС тиесілі «Ащыкөл» кен орнын бақылайды. Кен орнының жұмысшыларын қылмыстық іске араластырып, өндірілген мұнайды есепке алмау жөнінде келісім жасайды. Сотталушы бірмезгілде мұнайды сатып алушылармен де келісім жүргізеді. 2014 жылдың қазан-желтоқсан айларында мұнай компаниясының жұмысшылары құны 6 миллион теңгеден асатын 86 мың литр мұнайды шығарады. Кейін мұнай құжатсыз сатылады. Ал сол жылдары Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары болған Рахат Аханов құжатсыз, жолдамасыз мұнай тасығандардың кедергісіз жүруіне ықпал еткен. «Қаратөбе» кен орнындағы мұнайды заңсыз тасымалдаған кезде сотталушы Р.Аханов өз қызметіне ай сайын 350-400 мың теңге көлемінде ақша алып отырған.
Айыптау қорытындысына сүйенсек, Еркін Ізбасарға Қылмыстық кодекстің «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», «Ұрлық», «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу», «Билік өкіліне бағынбау» секілді бірнеше бап бойынша айыпталып жатыр. Ал бұрынғы полиция қызметкері, сотталушы Рахат Аханов Қылмыстық кодекстің «Лаузымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану» бабы бойынша жауап береді.
Еске салсақ, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтың айыптау қорытындысы оқылды. Барлығы 26 адам 2003-2016 жылдардағы қылмыстық іс бойынша жауап береді.