Сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сотта мемлекеттік айыптаушы Шерзаттың ағасы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауабын оқыды. Кейін отырыс барысында тергеу бейнежазбасы жарияланды. Онда Нұрқанат Ғайыпбаев «Қамажай» дүкені маңында оқиға қалай болғанын түсіндіреді.

- Сағат 23:30 кезінде ағам хабарласты. Жеңгем оятты. Телефон арқылы «дүкенге келші» деді. Дүкенге Ravon автокөлігімен қойдым. Келген кезде бір баланың мұрны қанап тұр екен. Сөйлестім. Ол балаларды шақыра бастады. Сол кезде екі бала Golf автокөлігімен келді. Көліктен түскен өзін «Нұрбол хуторский, 95-пін» деп таныстырды. Мен есімім Нұрқанат деп айттым. Мән-жайды айтып, түсіндірдім. Ол «өзім төлей саламын» деді да, төлеп жоғары кетіп қалды. Мен бәрі бітті деп ойладым. Дүкенге бауырымды (Шерзат) алып кірдім. Сосын мән-жайды толық білейін деп ағаммен сөйлесіп жатқан кезде олар қайтып келді. Сосын жанжал қайта ушыға түсті. Олар ерегіседі, балаларды шақырады. Бауырымда «қайт үйге» деп қайтарып жібергемін. Hyndai осы тұсқа тоқтайды, артынан Mercedes автокөлігі келіп тұрады, – дейді ол бейнежазба.

Сонымен қатар Н.Ғайыпбаев бейнежазбада тергеушінің бірнеше сұрағына жауап беріп, оқиғаны әрі қарай баяндады.

- Екінші рет жанжал басталған кезде Шерзатқа «сен үйге қайт, өзім бірдеңе қылып шешемін» деп айтамын. Ravon автокөлігін айдайды да, үйге қарай кетеді. Шерзат қалай кетті, мыналар келіп тоқтайды. Мен сөйлесіп тұрамын. Мына жағымда Нұрбол, мына жағымда Равиль болды. «Бауырым, ақша десең ақша, емдеп берем» деп қол бердік. Осында тұрған кезімде Равиль Hyndai көлігіндегі жігіттермен жақындайды. Мына жерде (дүкен бұрышы) Ахмет тұрады. Оны Абзал келіп ұрады, ол құлап, талып қалады. Мен жүгіріп келіп, тұрғызамын да, «қашыңдар әрі қарай» деймін. Жалғыз қалам осы жерде. «Кішкентай бала ғой, не болды жігіттер» деп жаттым. Бір жағы іште (дүкен) не болып жатыр деп қарап тұрдым. Онда бауырым Қаржаубай бар. Шықса, бірге қашып кетеміз деген ой болды. Бір кезде төбелес болады. Нұрқиясты ұрамын, ол отырып қалады да, өзіме қарай қайта ұмтылады. Абзал ұрады. Мен артқа шегінемін, сол кезде Шерзат келеді. Ол ұстап артқа тартады. «Шерзат қаш» деп айтамын. Ол былай қарай қашады. Мына жерде Нұрқияс, Азамат, Равиль маған қарай атылады. Осы жерде тас алып біріншісі ұрамын да, сол сәтте Шерзат «Нұрғанат аға, маған бірдеңе тығып алды» деп айқайлайды. Мен оған қарай жүгіремін. Ол отырады, мен құшақтаймын. Жарақатын іздей бастаймын. Аузынан қан шығып жатыр. Сонда «тоқтаңдар, жігіттер пышақ тығып алдыңдар» деп айқайлай бастаймын. Сол кезде соңына дейін ұруға келе жатқандарын көремін. Бірінші Нұрқияс келе жатты, қолында мылтық болды. Артынан Равиль, Азамат, Абзал, Дархан, Дидар, Шыңғыс болды. Мен құшақтаймын, жеңгем жүгіреді. Шерзатты ұрады, оны өзіме қарай тартамын. Сосын мені ұрып тастайды. Мен есімнен танамын. Осы жерде ұрып, пышақ сұғады. Адамдар видеоға түсіріп бастайды. Мен сүйреп, ана жерге апарып, ұрады, – дейді ол бейнежазбада.

Кеше сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.

Одан кейін екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.

Бұған дейін сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады. https://kaz.inform.kz/news/sherzat-polat-soti-prokuror-okiganin-tolik-hronologiyasin-bayandadi-b0753c/

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.

Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған